1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Тараз қаласы әкімдігі мен қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен Т.Рысқұлов саябағында мерекелік іс-шара өтті. «Жаңа Қазақстан балалар көзімен» атты фестивалге қала әкімі Ержан Жылқыбаев, қалалық білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова, бөбекжай-бақша педагогтері мен қосымша білім беру мекемелерінің тәрбиеленушілері қатысты.
Саябақ сахнасында балалар биден шашу шашып, көңілді әндер шырқады. 5000-ға жуық бүлдіршін қамтылған фестивалде түрлі ойындар ойнатылып, ертегілер кейіпкерлері көрініс қойды. Саябақтың бөлінген аймақтарында балаларға арналған тақырыптық алаңдар ұйымдастырылды.
Онда бүлдіршіндерге аквагримм жасалып, қолдарына михенди салынды. Сондай-ақ, оригами, декупаж, джут техникалары бойынша шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Сонымен қатар балалар асық атып, арқан тартысты. Алаңқайда әртүрлі материалдардан жасалған көбелектердің бейнесінен көрме де ұйымдастырылады.
Іс-шара соңында балаларға тегін балмұздақтар таратылды.