Білім бөлімі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 5 шілдедегі №4-14-3/2338-И хатына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметі 2019-2020 оқу жылына көпбалалы отбасылардың балалары мен атаулы әлеуметтік көмек алушыларға қосымша 5 мың грант бөлетінің хабарлайды.
Білім беру гранттарын тағайындауды «Бакалавр» немесе «магистр» дәрежелері берілетін жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын беру ережелеріне (бұдан әрі - Ереже) сәйкес жергілікті атқарушы органдар (бұдан әрі - ЖАО) жүзеге асырады (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы №58 қаулысы).
Конкурсқа өтініштерді қабылдау мерзімі 5-10 тамыз аралығында, білім беру гранттарын беру – 15 тамызға дейін, қабылдау – 25 тамызға дейін (құжаттарды қабылдау комиссиялары қабылдайды).
Конкурсқа қатысу үшін құжаттар тізбесі:
1) белгіленген үлгідегі бланкіде өтініш;
2) білімі туралы құжаты (құжаттарды қабылдау комиссиясына тапсырған кезде төлнұсқа);
3) ЕНТ сертификаты;
4) 086-У нысаны бойынша медициналық анықтама;
5) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі.
Сонымен қатар талапкерлер көпбалалы отбасынан шыққан және атаулы әлеуметтік көмек алатын балалар дәрежесінде екендігін растайтын құжаттарды ұсынуы тиіс.
Көрсетілген санаттағы тұлғалар ағымдағы жылғы 1 тамызға дейін өткізілетін білім беру грантын берудің республикалық конкурсына қатыса алады. Егерде олар республикалық кезең бойынша конкурстан өтпесе, онда ЖАО конкурсына қатыса алады.
ЖАО білім беру гранттары өңірлердің жоғары білім бар кадрларға қажеттілігін ескере отырып, ЕНТ сертификатының балына сәйкес конкурстық негізінде тағайындалады.