№3 мектеп-лицейдің салтанатты түрде ашылу рәсімі 2018 жылдың 1 қыркүйек – Білім күні мерекесінде «Бәйтерек» мөлтек ауданында өтті. Салтанатты жиынға Жамбыл облысының әкімі А.И.Мырзахметов, облыстық білім басқармасының басшысы Р.С.Тұрмаханбетова, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Солтыбаев, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Ж.Карибаев, Тараз қаласының әкімі Ғ.А.Абдраимов, қалалық білім бөлімінің басшысы М.Жинақбаева, ардагер-педагогтар, ақсақалдар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, ата-аналар мен оқушылар қатысты.
Мектеп құрылысы «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015 - 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізілген, республикалық бюджеттен қаржыландырылған. Ғимарат құрылысының жобалық құны – 1 831 484,10 мың теңге. Құрылыс жұмыстары 2017 жылы басталып, 2018 жылдың қыркүйек айында аяқталды. Мердігері – «Тараз Құрылыс Инвест» ЖШС, директоры- Жумабаева Дана Асембековна.
Мектептің жобалық қуаты – 1200 орын, жалпы ауданы – 40 048,75 шаршы метр. Оқу бөлмелерінің саны – 48, мәжіліс залы 351 орынға, асхана 402 орынға арналған. Мектеп жаңа модификациялы физика, химия, биология, лингафонды-мультимедиалық, компьютерлік кабинеттермен, кітапхана және 46 орынды оқу залымен жабдықталған.
Жаңа мектепке «Бәйтерек» мөлтекауданының балалары қамтылатын болады.